Отправьте нам свой пресс-релиз или заявку на мероприятие

  • Хабарласу үшін ғана.
  • doc, jpeg, png, pdf форматындағы файлды бекітуіңізге болады.

Медиа Құрылтай

Медиа Құрылтай — Қазақстанның медиа саласы көшбасшыларына арналған тұрақты кәсіби алаң. Дәстүрлі түрде күзде өткізіліп тұратын конференция шеңберінде медиа индустрия көшбасшылары БАҚ саласындағы мәселелерді талқылап, медиа-бизнесті дамытудың табысты стратегиясын қолдану тәжірибелерімен бөліседі, сондай-ақ, медианы басқарудың стратегиялық мәселелері мен сәтті шыққан жобалардың қолданбалы кейстерін талдаудан өткізеді.

Біз Медиа Құрылтайды не үшін өткіземіз:

  • БАҚ саласындағы мәселелерді талқылауға және бірлескен шешімдерді дайындауға арналған тұрақты алаңды құру қажеттілігі пісіп жетілді.
  • Еліміздегі медиа-нарықты дамытудың жаңа тәсілдері қажет.
  • Бәсекеге қабілетті БАҚ пен мықты медиа-брендтерсіз бәсекеге қабілетті экономиканың болуы мүмкін емес.
  • Бірен-саран мысалдарды есептемегенде, БАҚ әлі толыққанды бизнес ретінде жұмыс істей алмай отыр, бұл кәсіби нарық пен бәсекелестікке кедергі келтіруде.
  • Әлсіз медиа-брендтер еліміздің ары қарайғы дамуына төнген қауіп-қатер болып табылады.

 

Медиа Құрылтай — 2008 жылы Қазақстан Баспасөз клубының ұйымдастыруымен пайда болған ауқымды кәсіби іс-шара. Бірінші Конференцияға жүзден аса адам қатысты, ал кәсіби диалогты құруға қызығушылық танытатын менеджерлер, журналистер, PR мамандары мен жарнамалаушылардың саны жылдан жылға өсіп келеді.

Медиа Құрылтай — жыл сайын БАҚ саласының ең маңызды оқиғалары мен бетбұрыстарын талқылайтын тәуелсіз алаң. Дәл осы жерде медиа өкілдері БАҚ саласының дамуына жауапты үкімет мүшелеріне өз тілектерін білдіріп, БАҚ қызметін реттейтін заңдарды шығаруға атсалысып жүрген Парламент депутаттарына өз сауалдарын жолдауға мүмкіндік алады.

Медиа Құрылтай мемлекеттік және оппозициялық, ұлттық және аймақтық БАҚ өкілдерін, газет, радио, теледидар қызметкерлері мен блоггерлерді, жалпы мазмұндағы БАҚ пен тақырыптық басылымдар секілді медианың түрлі саларында қызмет етіп жүрген мамандардың басын бір ортаға қосуға мүмкіндік береді. Бұл —  медиа және жарнама бизнесінің, дәстүрлі БАҚ және жаңа медиа өкілдерінің арасында пікірталас өткізуге арналған алаң.

БАҚ саласындағы басты іс-шара қазақ тілді медианың дамуына, қазақ және орыс тілдерінде жұмыс жасайтын БАҚ өкілдерінің жақындасуына белсенді түрде септігін тигізіп келеді. Спикерлер өздерінің қалауы бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндамамен шыға алады. Олар ілеспе аудармамен қамтамасыз етіледі.

Ұйымдастырылған әрбір Медиа Құрылтайдың қорытындысы бойынша кәсіби қауымдастық Қазақстанның медиа саласының дамуына ықпал ететін бейінді министрліктер мен Парламентке өз  ұсыныстарын жасайды. Осы жайт Медиа Құрылтайды еліміздің медиа саласындағы бірегей, үлкен оқиғаға айналдырады.

Жыл сайын Медиа Құрылтайдың негізгі бір тақырыбы таңдап алынып, осы тақырып әрбір сессия мен пікірсайыс кезінде толығымен ашылады.

 2008 жыл

Қазақстандағы медиа индустрия: қазіргі жағдайы мен даму келешегі

Бірінші Медиа Құрылтай медиа саласы үшін пікірталас алаңы қаншалықты қажет екенін көрсетті. Оның шеңберінде заңнама негізіндегі кемшіліктер, БАҚ арасында нағыз нарықтық бәсекелестіктің болмауы, менеджмент пен стратегиялық жоспарлаудың әлсіздігі, ел ішінде таралым аудитінің тиімді жүйесі мен басылым құрылтайшылары туралы ақпараттың болмауы секілді аса өткір мәселелер көтерілді. Журналисттің білімі мен аймақтық БАҚ-н дамыту тақырыбы талқыланды.

2009 жыл

Дағдарыс жағдайындағы Қазақстан медиа-индустриясы: Қазақстанның медиа нарығындағы мәселелер мен оның даму келешегі

Екінші Медиа Құрылтай отандық БАҚ үшін қиын кезеңде өтті. Экономикалық дағдарыс медианы жарнама беруші және инвесторлармен жұмыс жасау кезінде жаңа тәсілдерді іздеуіне итермеледі. Отандық және шетелдік мамандар дағдарыстан шығудың өз үлгілерін ұсынды. Медиа Құрылтайға Үкімет өкілдері қатысып, олар мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдері туралы ақпаратымен бөлісті.

2010 жыл

Қазақстандағы БАҚ: Құлдырау, тоқырау әлде өрлеу ме? Бәсекеге қабілетті БАҚ – бәсекеге қабілетті елдің айнасы

2010 жылы Медиа Құрылтай жұмысына Парламенттің бірнеше депутаты, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысты. Медиа саласының мамандары оларға саланы реттеуге қатысты саулалдарын қойды. Ақпаратқа қолжеткізу, телерадиохабар тарату туралы заң жобалары, заңға тәуелді актілер талқыға салынды. Бұл медиа-қауымдастыққа қызу пікірталасты жүргізумен қатар,  өз пікірін билік өкілдеріне жеткізуге мүмкіндік берді.

2011 жыл

Тәуелсіз Қазақстандағы БАҚ 20 жылдығы. Ары қарай не күтіп тұр?

Төртінші Медиа Құрылтай Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өтті. Конференцияға қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі жағдайы, оның даму келешегі қандай деген сауалдарға ой жүгіртті. Телерадиохабар тарату туралы жаңа заңға, іскерлік журналистиканың жаңа стандарттарына, сондай-ақ, қазіргі замандағы бүкіл медиа құрылымын өзгерткен жаңа медиаға кеңінен назар аударылды.

Әрбір Конференция туралы толық ақпаратты Медиа Құрылтайдың ресми сайтынан таба аласыз.

 

Print Friendly