Отправьте нам свой пресс-релиз или заявку на мероприятие

  • Хабарласу үшін ғана.
  • Принятые типы файлов: doc, jpeg, png, pdf.
    doc, jpeg, png, pdf форматындағы файлды бекітуіңізге болады.

Amnesty International: «Қазақстанда тамырын тереңге жайған азаптауға қатысты жауапкершілік жоқ»

Бүгін Қазақстан Баспасөз клубында Amnesty International жариялаған баяндамасында құқық қорғау органдардың әрекеті жазасыз қалдырылатыны, сондай-ақ, бостандықтан айыру орындарында қинаудың кең таралғаны жөнінде айтылған.

«Қазақстанда қинау мен қатыгездікпен қараудың басқа да түрлерін үйреншікті қолдану қатал дәстүрі» атты баяндамада 2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзендегі шерушілерді тарқату үшін билік өкілдерінің шектен тыс күш пен оқ қаруын қолдану кезінде кем дегенде 15 адам өлтіріліп, 100-ден астамы күрделі жарақаттар алды деп көрсетілген. Қарулы күш органдары көптеген адамдарды қамауға алып, полиция учаскелеріндегі лық толған камераларда оларды қинаған.

Amnesty International Президентті, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Нави Пиллэй ханымның ұсыныстарына сәйкес 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзенде қарулы күш құрылымдарының оқ қаруын қолдану деректеріне тәуелсіз халықаралық тергеуді жүргізуге бұйрық беруге шақырады.

«Қазақстанның қарулы күштері Жаңаөзенде шерулерді тарқату кезінде адамдарды жарақаттап, өлтірді, қамауға алынғандар қинауға ұшырап, қатыгездікке сай жағдайда ұсталған, ал билік өзінің міндеттемелеріне мүлдем көңіл бөлмей, құқық бұзушылықтарға дұрыс тергеу өткізбегендіктен, айыпты тұлғалардың жазасыз қалуын қамтамасыз етті», — дейді Amnesty International-дің Зерттеулер бойынша аға директоры Никола Дакворф.

«Биліктің жан-жақты және әділ тергеуді жүргіздік деп қайта-қайта сендіргісі келгенімен, көптеген адамдар әділетсіз үкімге кесіліп, Жаңаөзендегі қайғылы оқиғадан 17 айдан кейін не шектен тыс күш қолдану үшін, не оқ қаруын пайдалану үшін, не өз бетімен адамдарды тұтқынға алу үшін, не қинау мен абыройды кемсітетін қатыгездікпен ұарағаны үшін әділетті жаза берілген жоқ», — дейді Никола Дакворф.

Қылмыстық тергеу нәтижесінде 2012 жылы Жаңаөзенде күш қолдануға байланысты өз өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін құқық қорғау органдарының жоғарғы қызметтегі бес қызметкері абақтыға жабылды. Алайда шерушілерге оқ атқанын көпшілік алдында мойындаған қызметкерлерге жаза тағайындалған жоқ.

Куәгерлер қамауға алынғандар сыртқы ортамен байланыссыз лық толған камераларда ұсталып, оларды тырдай жалаңаш шешіндіріп, ұрды, соқты және үстеріне суық су құйды деп мәлімдеген. Қамауға алынғандардың кем дегенде біреуі қинау нәтижесінде қайтыс болған. Сонымен бірге, қамауға алу орындарына кіруге рұқсат алған бақылаушылардың күшімен жасалған мониторинг тәуелсіз және мұқиятты түрде өткізілмеген.

2012 жылы өткен сот кезінде 2011 жылдың желтоқсанындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін айыпталған жұмысшылар қозғалысының белсендісі Роза Төлетаева қарулы күш өкілдері оның шашынан тартып іліп қойып, целлофан пакетімен тұншықтырды және жыныстық қорлау көрсетті деп мәлімдеді. Қарулы күштер оның 14 жасар қызына қоқан-лоққы көрсеткен. Роза Төлетаева «әлеуметтік алауыздықты қоздырғаны» үшін бес жылға түрмеге қамалды.

Билік азаптау туралы мәлімдемелер негізсіз деп оның қолданылғанын мойындамай келеді, оның ішінде Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерге қатысқан кейбір айыпталушылардың сотта ант бере отырып айтқан мәлімдемелерін де мойындамауда.
Әділ сот жүргізгенсіп, азаптау туралы мәлімдемелерді тергеу міндеті осының алдында Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерге тергеу жүргізген және қамауға алуға жауапты болған прокурорлардың тобына жүктелген.

Базарбай Кенжебаев Жаңаөзендегі уақытша ұстау изоляторынан босатылғаннан кейін екі күннен соң 2011 жылдың 21 желтоқсанында қайтыс болды. Ол 16 желтоқсанда тұтқынға алынғаннан кейін Жаңаөзен қаласының ішкі істер бөлімінде оны қалай азаптағаны туралы өзінің отбасысы мен ресейлік журналиске айтып үлгерген. Сол кезеңде уақытша ұстау изоляторының бастығы міндетін атқарған Жеңішбек Теміровке ғана осы іс бойынша жаза тағайындалды. Базарбай Кенжебаевты қинауға қатысқан қарулы күш құрылымдарының басқа бірде бір қызметкерін анықтау және оны әділ сотқа тарту үшін ешқандай нақты амалдар жасалған жоқ.

«Қинау мен қатыгездікпен қараудың басқа да түрлері полицияда ғана орын алып жатқан жоқ. Сонымен бірге, мұндай әрекеттер жазасын өтеу жүйесіне де тән. Онда қамаудағылар қорлық жағдайында ұсталып, жазалау ретінде ұзақ мерзімге оңаша қамалады, бұл халықаралық үлгілерді бұзу болып саналады», — дейді Никола Дакворф.

60 жастағы жазушы-диссидент, ақын Арон Атабек 2006 жылы қамауға алынып, жаппай тәртіпсіздіктерге және полицейді өлтіруге қатысқаны үші қылмысты деп табылды. Қазіргі таңда барлығын қосқанда екі жарым жылдан астам уақытын ол денсаулық үшін ауыр және зиян жағдайда оңаша қамауда өткізген. 2012 жылдың қарашасында Арон Атабекке өзінің тұратын жерінен 1650 шақырым қашықтықтағы Арқалықта орналасқан айрықша қауіпті және өмірінің соңына дейін қамауға алынғандарға арналған түрмеде екі жыл оңаша қамалу жазасы қайта белгіленді.

2010 жылы қазақстандық билік БҰҰ-на қинау оқиғаларының барлығы толықтай жойылмайынша, тынышталмаймыз деп мәлімдеген болатын.

2011 жылы Президент Назарбаев бүкіл пенитенциялық жүйені бақылау міндетін Әділет Министрлігінің қолынан алып, қинау туралы мәлімдемелердің көбісі Ішкі істер министрлігінен түсетін осы министрліктің қолына тапсырды.

«Қинаудың тамырына балта шабамыз дейтін үкіметтің сендірулері халықаралық мақсатта ғана айтылып, бұл мәлімдемелер Қазақстандағы және шетелдегі қоғамдық үмітті тыныштандырудың ғана амалы секілді. Ал осы ретте қинау мен қатыгез, адамшылыққа жатпайтын және қорлайтын қарау түрлеріне қатысты дұрыс тексеру мен тергеу өткізілмей келеді», — дейді Никола Дакворф.

Қазақстандық биліктің бір жылдан астам уақыттан бері атқармаған жұмысын аяқтау үшін тәуелсіз халықаралық тергеуді өткізу туралы Президент Назарбаев өкім етпейінше, оның үкіметінің БҰҰ-на берген уәделері тек бос сөз ғана болып қала береді. Мұндай тергеусіз қауіпсіздік күштері жазасын алмаған күйде әрекет етуді жалғастыра беретін болады.

Баяндама мәтінін қосымшада қараңыздар.

  Бәрі баяғыдай (947,9 KiB, 325 hits)

Print Friendly, PDF & Email
comments powered by HyperComments