Отправьте нам свой пресс-релиз или заявку на мероприятие

  • Хабарласу үшін ғана.
  • Принятые типы файлов: doc, jpeg, png, pdf.
    doc, jpeg, png, pdf форматындағы файлды бекітуіңізге болады.

Журналистер күні құтты болсын!

Ертеңгі Қазақстан журналистері күні қарсаңында әріптестерімізден қызметін енді бастап жүрген кезінде тап болған қызықты оқиғаларымен бөлісуді сұраған едік.

Жұлдыз Әбділда

Жұлдыз Әбділда: Бірінші курсты бітіргеннен бастап «Жас Алашта» тәжірибеден өтіп, кейін штаттан тыс тілші болып жүрдім. Бірде мені ақын Иран-Ғайыпқа жіберді, белгілі жеті сұрақ бар, соған жауап алып келуді тапсырды. Бардым. «Бір сұрағын өзгертпей бер, әйтпесе сотқа беремін» деді күндей күркіреген даусымен. Өзім тірі ақынды бірінші рет көріп тұрмын, анадай сөз естігенде тіптен есім шықты. Редакциядағы жетекшіме «өзгертпеңізші, апай» деп әбден жалынғаным есімде. Қазір соған күлкім келеді.

Маралбек Сағынғанов

Маралбек Сағынғанов: Ақтөбедегі РИКА ТВ арнасының жаңалықтар қызметінде сынақ мерзімінде жүрген кезім. Жасым он сегізде. Микрофон ұстап үйренгеніме әлі бір апта да болмаған шығар. Бір күні ертеңгісін редакцияға елдің алды болып келдім. Телефон безектеп жатыр, насос стансасы жарылыпты деген ақпарат түсті. Бірінші келген операторды алып, оқиға орнына бардым. Сол жерде білдік, он бір адам өліпті. Стенд-ап жаздым. Сұмдық оқиғадан кейінгі толқыныстың әсері шығар, жеті дубль дегенде екі сөйлемді әрең айттым.

Ербол Азанбек

Ербол Азанбек: ҚазАқпаратқа жұмысқа тұрған күннің ертесінде сұхбат жасамақ болдым. Сол күні іздегенге сұраған, бір шараға байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Сұхбат алсам деп ойлаған бірнеше жазушының бірі отыр екен төрде. Құдай берді дедім. Шара аяқталған соң, оңаша қалғанда қасына барып, амандасып, жағдайды айттым.
-ҚазАқпараттан едім. Сұхбат берсеңіз…
-аа ие, ие айтпақшы ол не еді, ҚазАқпарат деген.
-Ақпарат агенттігі.
-Сұхбат қайда шығады?
-Сайтқа ғой, аға.
Ағамның жан даусы шықты.
-уаааа, сен сонда менің сұхбатымды жалаңаш қыздардың арасында салмақсың ба, қой айналайын.
-Аға, ол.. Қолынан ұстап түсіндіргім келген.
Ағам қалш-қалш етеді.
-Жақындама деймін.
Залдағы адамдардың бәрі бері бұрылып, менеджер жүгіріп келді. Шалды ұрғалы жатыр екен деп ойлаған шығар. Сайттың не екенін ұқпайтын заман еді ғой. Қазір елдің бәрі сайт ашқыш.

Болатбек Мұхтаров: Биыл журналист болып жүргеніме 10 жыл толады. 2003 жылдың шілдесінде Ақтөбе облыстық «Қазақстан – Ақтөбе» телекомпаниясына хабарландыру бойынша резюме тапсырдым. Көп ұзамай жұмысқа шақырды. Бірінші күні мені сондағы журналистердің қасына қосып, жол полицейлерінің рейді туралы жазуға жіберді. Қазір «Хабарда» қызмет ететін Дмитрий Олейников пен Дмитрий Двойнев дос болғандықтан, съемкаға да бірге шығып қояды екен. Сосын қазіргі «Еуразияның» телеоператоры Мейірбек Тұрмағамбетов бар. Олар жұмысқа кірісіп кетті. Мен ешнәрсе ұқпаймын. Не істеуім керектігін де білмеймін. Маған қасымдағылар жол да көрсетпейді, есесіне, мырс-мырс күле береді. Дым білмегендіктен аза бойым қаза болып тұр. Блокнотыма не жазарымды білмеймін. Машиналардың маркасын да ажырата алмайды екенмін (әлі күнге дейін солай). Ұзын сөздің қысқасы, «қазір бәрі бітсін, үйге таямын» деп шештім. Ақыры солай істедім. Екі күн үйде жаттым. Ешкіммен сөйлеспей, тамақ ішпей, құса болдым. Үйдегілер «әр адамның білмейтін нәрсесі болады» деп жұбатып қояды. Үшінші күні телеарнаның бас редакторы қоңырау шалып, «сенде алғашқы күнгі қарапайым қорқыныш бар, сенен бірдеңе шығады, мен оны резюмеңнен байқадым» деді. Атантай Бәбенұлы Қамбаров деген көреген кісі екен. Наданнан адам жасап шығарды.
Ең алғашқы репортажым есімде. Қаланың іргесіндегі бір саяжай туралы. Дауысым әл үстінде жатқан шалдыкіндей өлімсіреп шықты.

Алмас Алтай

Алмас Алтай: 2008 жылдың 1-қыркүйегі дүйсенбі менің телеарна эфиріне ең алғаш шыққан күнім. Оның алдында облыстық арнада дыбыстау жұмыстарына қатысқаным, қалалық радиода бағдарлама жүргізгенім болмаса «көк жәшіктен» халыққа қарата сөйлеп көрмеген едім. «Қазақстан Ақтау» телеарнасының «Таңшолпан» деген таңғы бағдарламасы тікелей эфирде өтетін. Эфир басталмас бұрын ойымда ештеңе жоқ-тын… Бәрі режиссердің «кеттік, эфирдеміз, Алмас екінші камерада крупно» деген командасынынан басталды Ауызыма сөз түспей қалмасы бар ма?! Амандасып, қасымдағы Самал Сатқанғалиева деген қызды таныстырып болғанша берекем қашты. Абырой болғанда, Самал «құрметті көрермендер, біздің арнаның жаңа бет-бейнесі Алмас деген сері жігіт, тікелей эфирдегі бірінші күніңмен Алмас» деп іле жөнелді… Сол күнгі 1 сағаттық эфирді қалай өткергенім есімде жоқ.
… Тікелей эфирде бір ай жұмыс істеген соң, әбден еркінсіп, бел баласы боп алдық қой… Кейін ойлап көрсем, ең алғашқы эфирімнен зәрем ұшады. Сол күнгі «ерлікті» қазір қайтала десе, келісе қоймас едім. Кемінде бір апта дайындықсыз тікелей эфирге шығуға, ешқандай суфлерсіз, сценарийлік жобамен ғана еркін бағдарлама жүргізуге жүрегім дауаламас еді.
Қазір қазақы тележурналистиканың тайқазаны «Хабар» арнасындамын. Республикалық «ОРТ + Еуразия», «Астана» арналарының мектептерінен өткен, сақайған журналистпіз, типі))). Бірақ, Маңғыстау облысына ғана тарайтын «Қазақстан Ақтау» арнасының екі қабатты ғимаратына имене басып кіремін. Қабырғасында ең алғашқы балаң ойлар мен қызықты сәттер қалған арна әлі ыстық, әлі жаныма жақын. Әліппе ұстатқан Ұстаз секілді…

Әуесбайдың Қанаты

Әуесбайдың Қанаты: Қызмет жолым алғаш «31» телеарнадан басталған. Атынан ат үркетін «Информбюро» жаңалықтар қызметінде істедім. Бір күні қияндағы Кореядан бір досым интернетпен хабарласып, бастарындағы мынадай мәселені айтты. Кореядағы бір топ қазақ студенттерінің қайтар күні жақындағанда сол тұстағы «ЭйрҚазақстан» компаниясы банкрот болып танылады. Аяқ астында жоқ компанияның билеттері де жарамсыз болып шығады. Қазақ студенттері Қазақстанға қайта алмай, абдырап тұрып қалған еді. Бұл жағдайды бас редакторымыз Серік Әбікенұлына айта қойып едім, дерек материалды қолға алу керектігін айтты. Содан барып, студенттердің ҚазҰУ арқылы студент алмасу бағдарламасы аясында кеткенін анықтадым. Университет басшыларынан және Кореяға кеткен балалардың ата-анасын түсірдік. Банкрот болған «ЭйрҚазақстан» компаниясының орнына пайда болған «ЭйрАстана» өкілдерімен сөйлесіп, сюжетті сенсациялық ауанда эфирден бірінші болып беріп жібердік. Бұл материал басқа ақпарат құралдарының бірде-біреуінде жоқ-тын. Сондықтан «31» ден көрген ақпарат құралдары ертесіне барлығы жапа-тармағай осы материалды беріп жатты. Ал біз бірінші болдық. Артынша, қазақ студенттерінің мәселесі шешіліп, студенттер елге аман-есен оралды.

«Телевизия өзі береді, өзі алып та қояды».
Шамамен 10 жыл бұрын «31» телеарнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының тұтас шығарылымы Желтоқсан көтерілісіне арналады. Көп сюжеттің бірінде желтоқсанда жапа шеккен, ал бүгінде жалғызбасты тұрмыс кешіп жатқан кейуананың аянышты тағдыры баяндалады. Жалғыз баласымен жұмыссыз үйде отырған әйелдің тағдыр тауқыметі кім-кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Теледидардан көрсетілген соң, мектепке баратын перзентіне тіпті, киім-кешек алуға жарымай отырған бейбаққа белгілі кәсіпкер Нұртай Сәбильянов көмек қолын созуға ниет білдіреді. Жігіт ағасы жомарттық мінез танытып, шамамен 100мың теңгеге жуық қомақты қаржыны желтоқсаншы әйелге табыстайды. Ізінше бұл қайырымдылықты «Информбюро» көрсетеді. Бағдарлама басшылығы осы арқылы «Информбюроның» аудиторияға ықпалын көрсеткісі келген болуы керек. Өкінішке қарай, бұл PR-қадамның соңы жақсылыққа ұласпады. Жалпақ жұртқа жария болған ізгілікті істі безбүйрек қарақшылардың арам әрекеті тұсады. Қарақшылар кейуананы құрықтап, қаржысын қымқырып кетеді. Қылмысты әшкерелеуге ішкі істер органдары және … кім дейсіз ғой? тағы да сол «Информбюроның» жаңалықтар тілшілері араласады. Ақыры, қылмыскерлер ұсталып, ақша әйелге қайтарылады. Ізінше бұл оқиға да кешкілік эфирден беріледі. Осылайша әуелбаста бір ғана әйелдің тағдыры баяндалған оқиға сериалды сюжеттер топтамасына айналады. Естен кетпес осы оқиға туралы кейін теледидар тілшілері «телевизия өзі береді, өзі алып та қояды» деп қалжыңдағаны бар.

Әріптестерімізді төл мерекесімен құттықтаймыз!

Фотосуреттер Facebook әлеуметтік желісінен алынды.

Print Friendly, PDF & Email
comments powered by HyperComments