Отправьте нам свой пресс-релиз или заявку на мероприятие

  • Хабарласу үшін ғана.
  • doc, jpeg, png, pdf форматындағы файлды бекітуіңізге болады.

Өзге сайттар мен әлеуметтік желілерден алынған контентті қай кезде пайдаланған орынды?

Көптеген ақпараттық порталдар мен жаңалықтар сайттары әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарды, әсіресе фотоны көп пайдаланады. Бұл қаншалықты дұрыс және автордың құқығын бұзу мен оқиға орнынан түсірілген түпнұсқа фотосуретті пайдалану арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?

Пойнтердің Жаңалықтар университеті базасында өткен «Авторлық құқық және ашық әлемдегі авторлық контентті құқылы қолдану мәселелеріндегі жолбасшы» атты онлайн семинар барысында жаттықтырушы, Пойнтер университетінің қызметкері Эллин Анджелотти бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ, бірақ кейбір негізгі ұстанымдар бар екенін айтты.

АҚШ-та және өзге де көптеген елдерде «құқылы пайдалану» заңдық түсінігі авторлық құқықпен қорғалған материал белгілі бір талаптарға сай болған жағдайда пайдаланылуы немесе қайта жариялануы мүмкін, деді Анджелотти. Копирайттың мақсаты — авторлық жұмыстарды қорғау арқылы шығармашылық пен инновациялардың дамуына ықпал ету. Алайда оның қолданылуы адамдарды түпнұсқаны өзгертіп, пайдалануға ынталандыруға да бағытталған, бұл өз кезегінде білімдер мен шығармашылықтың дамуына ықпал етеді.

Әдетте Twitter-дегі туитті немесе Facebook-тағы мәртебе жаңартылымын сол әлеуметтік желілер аясында пайдалануға болады. Алайда, әлеуметтік медианың әрбір платформасы контентті пайдаланудың өзіндік шарттарын ұсынады, сондықтан, не нәрсені де жарияламастан бұрын, сол шарттармен танысып алған жөн.

Ал Twitter, Facebook немесе өзге де әлеуметтік желілерден алынған фотосуреттерді өз блогыңызда немесе сайтыңызда жариялауға, телевизиялық жаңалықтар шығарылымында көрсетуге бола ма?

Кейбір журналистер түпнұсқа көзін көрсетсе болды, құқықтар қорғалады деген қате сенімнің жетегінде жүреді. Анджелотти бұл дұрыс емес дейді. Ең дұрыс қорғаныс — материалды пайдалануға жазбаша рұқсат алу болмақ. Бірақ онсыз да, сізді құқықсыз пайдалану жөнінде айыпталудан қорғайтын кейбір факторлар бар:

  • Егер жаңалықтың маңыздылығы немесе фотосуретке деген қоғамның қызығушылығы авторлық құқықтың қорғалуынан да артық болса (мысалы, Гудзон өзеніне қонған ұшақтың фотосуретін Twitter желісіне жеке тұлға салып, оны дүние жүзінің жаңалық агенттіктері пайдаланған).
  • Егер өзге автордың материалдарын қамтитын жаңа еңбек білім беру мақсаттарында немесе коммерциялық емес ұйым тарапынан пайдаланылса. Сөйте тұра, егер сіз өз еңбектеріңізді сататын болсаңыз, ол фактор бұл жағдайды құқылы пайдалану аясында қарастыру мүмкіндігіне қарсы әрекет етуі мүмкін.
  • Пайдаланылатын материалдың көлемі. Жұмыстардан үзінділер пайдалануға жол беріледі, алайда пайдаланылған үзінді «жұмыстың өзегі» болса және түпнұсқаның құнын біршама төмендетіп жіберсе, тіпті шағын үзінді алудың өзі авторлық құқықты бұзуы мүмкін.
  • Пародиялар, сатиралық бейімделген шығармалар және сын әдетте қорғалған, тіпті олар түпнұсқа еңбекті кеңінен пайдаланатын болса да.

Creative Commons және дерек көзіне сілтеме беру

Өзгелер жұмыстарын пайдаланғанын қалайтын кейбір веб-контент жасаушылар оған Creative Commons лицензиясына сәйкес рұқсат береді. Автор контентті пайдалану шарттары туралы ақпарат береді. Лицензияның алты деңгейі бар. Олар кез келген пайдаланушыға (тіпті коммерциялық пайдаланушыларға да) түпнұсқа еңбекті авторын көрсетіп, сілтеме бере отырып пайдаланып, өзгертуге рұқсат беруден бастап, еңбекті өзгертпей, сол қалпында жариялауға және коммерциялық мақсаттарға пайдаланбауды талап етуді көздейді.

Анджелоттидің материалды пайдалану заңға қайшы емес екенін анықтағымыз келсе, жаңа еңбектің төрт сипаты қарастырылуы керек дейді.

Анджелоттидің айтуынша, түпнұсқа еңбектің авторына сілтеме беріп қоя салу авторлық құқықты бұзды деген айыптан қорғай алмайды. Авторлық құқықтың бұзылған-бұзылмағанын анықтау — соттың ісі. Қолданыстағы заңдар төрт факторды ескереді. Құқық бұзбай пайдалану аясына кіру үшін жұмыстар төрт фактордың бәріне сай келуі міндетті емес. Ол төртеуінің кез келгені өзгелерден басым түсуі мүмкін, дейді Анджелотти. Ол төрт фактор мыналар:

  • Еңбектің мақсаты және сипаты. Ол еңбекте пайдаланылған материал өзгертілуі немесе оған жаңа сипаттар үстелуі тиіс. Егер жаңа еңбек түпнұсқа еңбектің орнын баспақ болса, онда бұл фактор құқықты пайдалануға қарсы болады.
  • Жұмыстың табиғаты. Фактілер, деректер және жаңалықтар — мұның бәрі әдетте қоғамдық мүдделер саласынан, оларды пайдалану құқық бұзу болып саналмайды. Бұл фактордың маңызы үлкен, өзге факторлардан басым түсуі мүмкін. Үкіметтік веб-сайттарда жарияланған ақпаратты пайдаланудың заңға қайшылығы жоқ. Тек көшірілгені көзге ұрып тұрған фото мен мақалаларды ғана пайдаланбаған дұрыс.
  • Пайдаланылатын материалдың көлемі. Ол өте үлкен болып, түпнұсқаның орнына қолданылып тұрғандай әсер қалдырмауы тиіс.
  • Нарықтың бағасының мәні. Бұл фактордың салмағы жаңа жұмыс түпнұсқа туындының нарықтағы бағасына қаншалықты зиян келтіретініне қарай өлшенеді.

Анджелотти өзінің Facebook парақшасында жариялаған итінің суретін мысалға келтірді. Егер әлдекім сол суретті көшіріп алып, басып шығарып, жақтауға салып рұқсатсыз сата бастаса, бұл заңсыз пайдалану болып саналар еді. Ал егер сол ит өрт кезінде бірнеше адамды құтқарып, өрт сөндіру бөлімі оның суретін өз сайтында жарияласа, жаңалық агенттіктері ол суретті еш заңды, құқықтарды бұзбай көшіріп жариялауына қақысы бар.

Анджелотти тілге тиек еткен күрделі жағдайда, Даниэль Морель есімді Twitter пайдаланушысы 2010 жылғы Гаитиде болған жер сілкінісінің фотосуреттерін өз аккаунтында жариялап, кейіннен France Presse және Washington Post агенттіктері сол суреттерді оның рұқсатынсыз көшіріп басып, олар бүкіл дүние жүзіне тарап кеткен болады. Морель олардың веб-сайттарынан суретті алып тастауын және шығынын өтеуін талап етіп, сотқа шағымданды. Сот Морельдің пайдасына шешім шығарды, алайда шығынның орнын толтыру жөніндегі шешім әлі де қаралып жатыр.

Қайткен күнде де, интернеттен алынған материалдарды жарияламас бұрын, барлық факторларды салмақтап шыққан дұрыс. Абзалы — авторлық құқық иесінен жазбаша рұқсат алу.

Түпнұсқа мәтіннің авторы James Breiner

Print Friendly
comments powered by HyperComments