Отправьте нам свой пресс-релиз или заявку на мероприятие

  • Хабарласу үшін ғана.
  • Принятые типы файлов: doc, jpeg, png, pdf.
    doc, jpeg, png, pdf форматындағы файлды бекітуіңізге болады.

Түркіменстан Президенті Г. Бердымұхамедовтың «Түркіменстанның дәрілік өсімдіктері» атты ғылыми кітабы қазақ тілінде жарық көрді

2013 жылы 6 мамырда Астана қаласында Түркіменстанның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен Гурбанғұлы Бердымұхамедовтың «Түркіменстанның дәрілік өсімдіктері» атты қазақ тіліндегі энциклопедия кітабының салтанатты тұсаукесері өтті. Кітаптың аударылып, басылып шығуына және тұсаукесер шарасының ұйымдастырылуына «ҚазТрансГаз» АҚ-ы қаржылық қолдау көрсетті.

Тұсаукесерге Түркіменстаннан келген делегация, ҚР-да тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдері, ҚР Парламентінің Сенаты және Мәжілісі депутаттары, министрліктер мен Астана қаласы әкімдігінің басшылары, ғалымдар, сондай-ақ, Медицина академиясының студенттері қатысты.

Салтанатты кеште ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов; ҚР Ғылым академиясның президенті Мұрат Журинов, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали; Түркіменстаннның мәдениет министрі Гунча Мамедова; Астана қаласы медициналық университетінің фармакология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., профессор Дамир Мұхамбетов, Түркіменстан жақтан – Түркіменстанның Білім министрі Гулшат Маммедова; Түркіменстан Ғылым Академиясының президенті Гурбанмырат Мезилов; Түркіменстан Республикасының Денсаулық сақтау және медициналық өндіріс министрлігі Ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Оразберды Хаммедов; Түркіменстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мақтымғұлы Ақмырадов сөз сөйледі.

Жинақтың тұсаукесері Түркіменстан Президенті Гурбанғұлы Бердымұхамедовтың Қазақстанға ресми сапары қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Президент Г. Бердымұхамедов үшін фармакология саласындағы зерттеулер медицина саласын дамытуда басымдық берілетін бағыттардың бірі. Ғылым академиясының академигі, профессоры, медицина және экономика ғылымдарының докторы ретінде Г. Бердымұхамедов бүгінгі күні көптеген дәрілік өсімдіктердің шипалық қасиеттері ғылыми медицинада мойындалған деп есептейді.

Түркіменстан табиғаты бай және сан алуан өсімдіктер әлемімен ерекшеленеді, сонымен бірге, түрлі ауру мен сырқаттарды емдеуге арналған шипа көзі ретінде мыңдаған жылдар бойы пайдаланылып келді.

«Біздің ата-бабаларымыз су, жер, ауа мен өсімдіктердің сырын танудың ежелгі ілімін қалыптастырды. Олар үшін қоршаған әлемнің пайдалы қасиеттері туралы білім игілік қана емес, сонымен бірге, аман қалудың жалғыз тірегі мен мүмкіндігі болып табылатын», — деп атап өтеді автор Гурбанғұлы Бердымұхамедов кітаптың алғы сөзінде.

«Түркіменстанның дәрілік өсімдіктері» кітабының беттерінде Түркіменстанда өсетін дәрілік өсімдіктерндің биологиялық және химиялық ерекшеліктері туралы, олардың ғылыми және халықтық медицинада қолданылуы жөнінде мәліметтерді табуға болады. Кітап дәрігер және фармаколог мамандары үшін ғана емес, сондай-ақ, бай өсімдік әлеміне, халықтық медицинаның ежелгі дәстүріне қызығатын оқырмандардың кең қауымына арналған. Кітап орыс, украин, чех, ағылшын тілдеріне аударылған.

Енді қазақстандық оқырмандар өсімдік әлемі туралы мағлұматын кеңейтіп, дәрілік өсімдіктердің сыртқы түрі, өсу жағдайы мен жері, химиялық құрамы, медицина тәжірибесінде қолданылу тарихы, жинау және консервілеу мерзімі мен тәсілі, сақтау тәртібіне қатысты білімдерін толықтыруға тағы бір мүмкіндігі пайда болып отыр. Екі томнан тұратын жинақта дәрілік өсімдіктер мен олардың сипаттамалары әліпби реті бойынша орналастырылып, әрбір өсімдік түрі суретпен сипатталған. Мұнда, сонымен бірге, шөп, жеміс пен тамырдан дәрі-дәрмек дайындаудың тәсілдерін табуға болады.

Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан ғалымдар атап өткендей, қазіргі заманғы медицинада дәрілік өсімдіктерге жіті назар аударылып келеді. Ғылымның жетістіктері қолданыстағы дәрілік өсімдіктердің әсер ету шеңберін кеңейтіп қана қоймай, сондай-ақ, олардың жаңа түрлерін денсаулық сақтау тәжірибесіне ұдайы ендіруге мүмкіндік береді.

Print Friendly, PDF & Email
comments powered by HyperComments