Отправьте нам свой пресс-релиз или заявку на мероприятие

  • Хабарласу үшін ғана.
  • Принятые типы файлов: doc, jpeg, png, pdf.
    doc, jpeg, png, pdf форматындағы файлды бекітуіңізге болады.

Жаңалықтар басылымдарының редакторлары Facebook қалай қолдануы керек. 12 кеңес

Facebook жаңалықтар ресурстарын шығаратындар үшін маңызды платформаға айналғалы қашан. Бір кездері Guardian-ға Facebook арқылы келу саны Google арқылы келетін іздеу трафигінен асып кеткені есімізде. Алайда, қазір, әсіресе, корпоративтік пайдаланушылардың профиліндегі жаңалықтардың пайдаланушылар таспасында пайда болуының жаңа ережелері енгізілгеннен кейін жағдай біраз өзгерді. Ендігі жерде жаңалықтың таспада пайда болуы ескерілуі тиіс көптеген факторларға тәуелді.

Сонда да, Facebook басты трафик жеткізушілердің бірі болып қала береді және жаңалықтар ресурстары контентінің таралуына септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар, корпоративтік профильдің айналасында қызығушылығы бар қауымдастық жиналатынын және онымен үнемі жұмыс істеп отыру керектігін ұмытпаған абзал. Міне, ары қарайғы әңгіме сол жұмысты қалай жүргізу турасында болмақ.

Journalism сайтының авторы Сара Маршалл редакторлар және әлеуметтік медиа үшін жауапты адамдар басылымның Facebook профилімен қалай дұрыс жұмыс жүргізуі керек екені туралы бірнеше кеңес ұсыныпты.

1. Нақты мақсат қойыңыз

Сілтемелерді Facebook-та жариялаудың екі мақсаты болуы мүмкін. Біріншісі — сіздің профиліңізден таралатын жаңалықтардың парақшаңызда «лайк» батырмасын басқан адамдардың таспасында неғұрлым жиі пайда болуы. Екіншісі — ол адамдардың сіздің контентіңізді неғұрлым көп ортаға салуы.

2. Жазбаларыңызды кем дегенде 1-2 сағат сайын жаңартып отырыңыз

Metro тобының басылымдарында әлеуметтік медиа үшін жауап беретін Ричард Монихан журналистикаға қатысы жоқ адам болсаңыз, күніне 1-2 жазба жариялап отыруға кеңес береді. Ал жаңалықтар басылымына қатысты болса, жарияланымдар кем дегенде 1-2 сағат сайын жаңарып отыруы тиіс.

«Біздің парақшамызда күніне әдетте 6-8 хабарлама шығып отырады. Біз сіздердің назарларыңызға недәуір лайықты деп санаған дүниелерді жариялаймыз. Бұл күннің басты тақырыбы, шұғыл жаңалық немесе бүгінгі күнге байланысты мем ғана болуы да мүмкін».

Мамандардың есептеуінше, осындай хабарламалар саны пайдаланушылардың таспасында тұрақты түрде көрініп, олардан шеринг, лайк, сілтмелер арқылы өту, пікір қалдыру сияқты қандай да бір кері байланыс алып отыруға мүмкіндік береді.

3. Қысқа да нұсқа жазыңыз

Әлеуметтік желілер ұзақ мәтіндер оқып отыруды ұнататындардың орны емес. Ұзын-сонар жазбалардың ешкімге қажеті жоқ. Сондықтан, барынша қысқа да нұсқа жазуға тырысыңыз. Оның үстіне, сіздің ресурсыңыздың сілтемесіне қысқа жазылған кіріспе сөзді таспа парағының оң жақ жоғарғы бұрышындағы тикерден оқып отыру ыңғайлы болмақ.

4. Бұл — трансляция емес, диалог

Сілтемелеріңізді Facebook-та жариялауға кіріскен екенсіз, аудиторияны әңгімеге тартуға керемет мүмкіндікке ие болып отырғаныңызды түсіну маңызды. Қатынас жасаңыз, сауал жолдаңыз, қалжыңдасыңыз. Және тек күннің өзекті тақырыбы бойынша салмақты сауалдар ғана емес, әркімнің өз көзқарасы бар жалпы сұрақтар қойып отырыңыз. Бірақ, әрине, басылымның тақырыбынан тым алыстап кетпеуге тырысыңыз. Мысалы, New Musical Express әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін сарапшысы Люк Льюс өз басылымының парақшасында «Сізді жер қойнына тапсыратын кезде қандай музыканы тыңдағыңыз келер еді?» деген сұрақ танымал болғанын айтады.

5. Адамдарды күлдіре біліңіз

Әлеуметтік желілерде тым салмақты, маңызды болып көрінуге тырыспаңыз. Ол жерде адамдар биржа талдамаларын оқуға жиналмайды. Қызықты әлденелерді тауып, соларды оқырмандарыңызбен бөлісуге тырысыңыз. Оның үстіне, бұл адамдарға парақшаны ретрансляция жасайтын сервис емес, тірі адам басқарып отырғанын сезінуге мүмкіндік береді.

6. Мультимедиа және мәтін

Парақшадағы фотосурет немесе видео қосылған жазба жай ғана сипаттама берілген сілтемеге қарағанда көбірек адамның назарын аударатыны тәжірибелік жолмен дәлелденген. Сілтемелеріңізге мультимедиалық қолдау көрсетіп отырыңыз.

7. Лайктарды жинай беруден сақ болыңыз

Facebook-та парақша жүргізетін кейбір ақылы аздар «Егер сен… лайк бас» деген сипаттағы жазбаларды жиі жариялайды. Бұл ебедейсіз әрі күлкілі көрінеді.

8. Мерзімі ешқашан өтпейтін оқиғалар да назар аудартады

Жаңалық басылымдары өз парақшасында тек жаңа, өзекті ақпаратты таратуы керек деген жалған қағида бар. Ол міндетті емес. Бір уақытқа байланбаған оқиғалар туралы жазбалар әрқашан да қызықты және ұзағырақ назарда болады. Ал жаңалық ақпаратты біреу бір аптадан кейін лайктауы екіталай.

9. «Бұнысы несі?» деген айдарлы мақалаларға назар аударыңыз

«Бұнысы несі?», «Есі дұрыс па?» деп айтуға итермелейтін арандатушылық сипаттағы айдарлар мен мақалалар — ең көп таратылатын материалдардың бірі. Мысалы, «Пол Маккартни Nirvana құрамында Курт Кобейннің орнын баспақшы» деген мәтінді мақала шыққан күні трафиктің 25 пайызы әлеуметтік желілерден, оның 66 пайызы — Facebook арқылы келген.

10. Тізімдер мен рейтингтер өте танымал

Complex ресурсы фотогалереялар, тізімдер мен рейтингтер пайдалануды ұнатады. Мысалы, мынадай. Немесе мынадай. Ал NME біраз басқаша форматтағы тізімдер мен рейтингтер жариялайды, бірақ олар да Facebook-тағы парақшаға жұрт назарын аударуға септігін тигізеді.

11. Күшті визуал қатары бар материалдар

Мысалы, мынадай сілтемені ортаға салғыңыз келмес пе еді: Ұлыбританың музыкалық картасы.

12. Өз профиліңізді пайдаланыңыз

Егер сіз ресурс редакторы болсаңыз — өз профиліңізде басылым ұжымындағы техникалық немесе шығармашылық процесс туралы ақпарат жариялап отыратын инсайд бұрышын жасауыңызға болады. Мысалы, өз достарыңыз бен жазылымшыларыңыздан бүгін өзгелерімен қатар тағы қандай материал жариялаған қызықтырақ болар еді деп сұрай аласыз. Сұрақ қойып, қызығушылық тудырыңыз. Әлеуметтік желілер — адамдарға арналған. Қандай да бір қызыққа ортақ болу мүмкіндігі — адамдардың қанына сіңген қасиет. Оларға өзін жаңалықтар редакциясының ішінде жүргендей сезінуге мүмкіндік беріңіз. Ол үшін өз профиліңізді пайдаланудан қорықпаңыз. Бұл сізге деген, сіздің жаңалық жариялайтын аккаунтыңызға деген сенімділікті күшейте түседі.

Print Friendly, PDF & Email
comments powered by HyperComments